-
Views: 1840
-
Views: 97
-
Views: 95
-
Views: 73
-
Views: 71
Рецензиялау
«Eurasian Journal of History» журналының редакциясына келіп түскен барлық қолжазбалар алдын ала редакциялық тексеруден және міндетті ғылыми рецензиялаудан өтеді. Рецензиялау рәсімі жарияланатын материалдардың сапасын қамтамасыз етуге, ұсынылған нәтижелердің дұрыстығын тексеруге, академиялық адалдық қағидаттарын сақтауға, журналдың жоғары ғылыми-теориялық деңгейін қолдауға, сондай-ақ өзекті және ғылыми маңызы бар зерттеулерді іріктеуге бағытталған.
Журнал тақырыбына және жариялау талаптарына сәйкес келетін қолжазбалар қарауға қабылданып, ғылыми рецензиялауға жіберіледі. Журнал екі жақты жасырын рецензиялау рәсімін қолданады: авторлар туралы мәліметтер рецензенттерге берілмейді, ал рецензенттер туралы мәліметтер де авторларға хабарланбайды. Бұл тәсіл сараптамалық бағалаудың объективтілігін, тәуелсіздігін және бейтараптығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Рецензиялауға қабылданған әрбір қолжазба тиісті зерттеу саласында ғылыми құзыреттілігі бар кемінде екі тәуелсіз рецензентке жіберіледі. Рецензенттер ұсынылған мақаланың ғылыми бағытына сәйкес мамандар арасынан бас редактор тарапынан тағайындалады. Рецензенттердің авторлармен, олардың ұйымдарымен, зерттеу тақырыбымен немесе қолжазба нәтижелерімен байланысты мүдделер қақтығысы болмауы тиіс.
Барлық рецензенттер жарияланым этикасы, құпиялылық, объективтілік және сараптамалық бағалаудың тәуелсіздігі талаптарын сақтауға міндетті. Рецензиялау құпия түрде жүргізіледі. Рецензент қолжазбаны журнал бекіткен критерийлерге сәйкес бағалап, редакцияға негізделген қорытынды ұсынады.
Рецензияда тақырыптың өзектілігі, ғылыми жаңалығы, нәтижелердің дұрыстығы, зерттеудің теориялық және практикалық маңызы, әдіснаманың сапасы, баяндау логикасы, дереккөздерді пайдаланудың дұрыстығы, сондай-ақ мақала сапасын жақсартуға бағытталған негізгі ескертулер мен ұсынымдар көрсетіледі.
Қолжазбаны қарау нәтижелері бойынша рецензент редакцияға төмендегі қорытындылардың бірін ұсынады:
- Жариялауға қабылдау — қолжазба журнал тақырыбына, ғылыми өзектілік, түпнұсқалық, құрылым және рәсімдеу талаптарына сәйкес келеді, елеулі ғылыми, әдіснамалық немесе этикалық бұзушылықтарды қамтымайды. Бұл жағдайда қолжазба журналда жариялауға жоспарланған мақалалар тізіміне енгізілуі мүмкін.
- Қайта өңдеуге жіберу — қолжазба аздаған немесе елеулі түзетулерді қажет етеді. Мұндай жағдайда редакция қолжазбаны рецензенттің ескертулері мен ұсынымдарымен бірге авторларға қайтарады. Түзетілген нұсқа ұсынылғаннан кейін қолжазба редакция тарапынан қайта қаралады және қажет болған жағдайда қайта рецензиялауға жіберіледі. Егер пысықтаудан кейін рецензент елеулі кемшіліктердің сақталғанын көрсетсе, редакциялық алқа қолжазбаны әрі қарай пысықтау мүмкіндігінсіз қабылдамауға құқылы.
- Қолжазбаны қабылдамау — қолжазба журналдың ғылыми, әдіснамалық немесе этикалық талаптарына сәйкес келмейді не оның тақырыптық бағытына жауап бермейді. Бұл жағдайда редакция авторға дәлелді бас тарту хатын жібереді. Ерекше жағдайларда қолжазба қосымша сараптамалық бағалауға жіберілуі мүмкін. Бір қолжазбаны қайта рецензиялауға бір реттен артық жол берілмейді.
Егер автор рецензенттердің ескертулерін ескермесе, түзетілген нұсқаны белгіленген мерзімде ұсынбаса немесе анықталған кемшіліктерді жоймай, өзгерістерді формалды түрде ғана енгізсе, редакция қолжазбаны жариялаудан бас тартуға құқылы.
Егер де рецензент заңсыз мәтінді көшіріп алу, бір қолжазбаны қайта жариялау, деректерді бұрмалау немесе жарияланым этикасын бұзу жағдайларын анықтаса, журналдың редакциялық алқасына хабарлауы тиіс. Қажет болған жағдайда рецензент қолжазбаның жекелеген бөліктерін қолжетімді іздеу жүйелері мен мәтіндік сәйкестіктерді анықтау құралдары арқылы қосымша тексере алады.
Рецензияны дайындау мерзімі, әдетте, рецензент қолжазбаны қарауға келісімін растаған сәттен бастап 4-6 аптаны құрайды. Қажет болған жағдайда бұл мерзім редакциямен келісу арқылы ұзартылуы мүмкін. Егер рецензент белгіленген мерзімде қорытынды дайындауға мүмкіндігі болмаса, бұл туралы редакцияға уақытылы хабарлауы тиіс.
Егер рецензент мақаланы қайта өңдеуге ұсынса, редакция авторға ескертулер мен ұсынымдарды жібереді. Автор түзетілген қолжазбаны OJS жүйесі арқылы қайта ұсынады. Енгізілген өзгерістердің сипатына қарай қайта өңделген мақала редакция тарапынан қайта қаралуы немесе қайта рецензиялауға жіберілуі мүмкін.
Екі теріс рецензия алынған жағдайда авторға дәлелді бас тарту хаты жіберіледі. Егер қорытындылардың бірі оң сипатта болса, қолжазбаны одан әрі қарау мәселесі редакциялық алқа отырысына шығарылады.
Рецензиялаудың барлық кезеңдері, оның ішінде қолжазбаны қабылдау, алдын ала тексеру, рецензенттерді тағайындау, қорытындыларды жіберу, мақаланы пысықтау, авторлармен хат алмасу және редакциялық шешім қабылдау OJS электрондық редакциялық жүйесінде тіркеледі.
