Тарих ғылымындағы ұлттық нарратив: теориялық-әдіснамалық ұстанымдар және өткенді репрезентациялау тәжірибелері
DOI:
https://doi.org/10.31489/3134-9102/2026-31-2/239-253Кілт сөздер:
ұлттық нарратив, ұлттық тарих, ұлт, тарихи жады, ұлттық бірегейлік, тарихнама, теория, тәжірибе, интерпретация, мәдени жадыАңдатпа
Мақалада тарих ғылымындағы ұлттық нарратив ұлттың тарихи тәжірибесін, мәдени құндылықтарын, мемлекеттілік дәстүрін және ұжымдық жадын белгілі бір мағыналық жүйе арқылы үсіндіретін
тарихи-танымдық модель ретінде қарастырылады. Ұлттық нарратив тарихи оқиғаларды жай ғана баяндау емес, өткенді іріктеу, жүйелеу, мағыналандыру және қоғамдық санаға жеткізу арқылы ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын күрделі теориялық-әдіснамалық категория ретінде сипатталады. Осы тұрғыдан мақалада ұлттық нарративтің тарихи сана, тарихи жады, мәдени жады, ұлттық бірегейлік және өткенді репрезентациялау үдерістерімен байланысы талданады. Теориялық тұрғыдан ұлттық нарратив Х. Уайт, Ф. Анкерсмит, М. Фуко және басқа да зерттеушілердің тарихи баяндау, репрезентация және дискурс туралы тұжырымдарымен сабақтастырыла қарастырылады. Бұл ұстанымдар ұлттық нарративтің тарихи білімді ұйымдастыратын, өткенге мағына беретін және оны қоғамдық құндылықтар жүйесіне енгізетін қызметін ашуға мүмкіндік береді. Қазақстан жағдайында ұлттық нарратив тәуелсіздік кезеңіндегі тарихи сананы жаңғырту, кеңестік идеологиялық түсіндірулерден арылу, ұлттық мемлекеттілік сабақтастығын негіздеу және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру үдерістерімен тығыз байланыстырылады. Қазақ хандығы, Алаш қозғалысы, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, тәуелсіздік тарихы, білім беру жүйесі және цифрлық орта ұлттық нарративтің негізгі репрезентациялық кеңістіктері ретінде талданады. Бұл тақырыптар ұлттық тарихтың мазмұнын ғана емес, қоғамның өткенді қабылдау тәсілін, тарихи сабақтастық туралы
түсінігін және болашаққа бағытталған құндылықтық бағдарын да айқындайды. Мақалада ұлттық нарративтің үш деңгейде қызмет ететіні негізделеді: біріншіден, ол тарихи оқиғаларды мағына беретін теориялық-әдіснамалық модель; екіншіден, ұлттық жады мен бірегейлікті қалыптастыратын әлеуметтік-мәдени тетік; үшіншіден, білім беру, саяси дискурс және цифрлық коммуникация кеңістігінде өткенді репрезентациялайтын практикалық құрал. Сонымен қатар ұлттық нарративтің идеологиялану, мифологизациялану және тарихи процестерді біржақты түсіндіру қаупі көрсетіліп, оны ғылыми негізде қарастыруда дереккөздік дәлдік, сыни пайымдау, көпқырлы интерпретация және тарихи объективтілік қағидаларының маңызы айқындалады. Авторлар ұлттық нарратив тарих ғылымы мен қоғамдық сананың тоғысқан тұсында қалыптасатын, өткенді түсіндірумен қатар ұлттық жадыны жүйелейтін және қазіргі ұлттық бірегейліктің символдық негіздерін айқындайтын динамикалық
ғылыми-танымдық жүйе деген қорытындыға келеді.
Downloads
Жарияланды
How to Cite
Журналдың саны
Бөлім
License
Copyright (c) 2026 Eurasian Journal of History

This work is licensed under a Creative Commons Attribution-NonCommercial 4.0 International License.
Бұл ашық қолжетімді мақала Creative Commons Attribution Non-Commercial 4.0 халықаралық лицензиясы негізінде жарияланған. Аталған лицензия түпнұсқа жұмысқа тиісті түрде сілтеме жасалған жағдайда, коммерциялық емес мақсатта кез келген форматта қайта пайдалануға, таратуға және көшіруге рұқсат береді. Сілтеме жасау үшін DOI пайдаланыңыз. Коммерциялық тұрғыда пайдалану үшін history.journal.kbu@gmail.com электронды поштаға хабарласыңыз

